Қош бол, колледж: осы білім беру ұйымдарында ауыр дағдарыс басталуда

16.03.2026, 09:48
590
Қош бол, колледж: осы білім беру ұйымдарында ауыр дағдарыс басталуда ЖИ иллюстрациясы

Оқу-ағарту министрлігі «көк жағалылардың» ұстаханаларын үнемдеудің қыспағына салып жатыр.

Салдарынан ел экономикасының тірегі саналатын колледждер тұйыққа тірелген жайы бар.

Елдің бас мұғалимасы Жұлдыз апай салаға қатысты «кризис» деген сөзді қолданып жүр. Колледж өкілдерінің шағымдануынша, қазіргі Оқу-ағарту министрлігі техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) жүйесінің «табытына» соңғы шегені қағып тынуға бекінген сыңайлы.

Кез келген мемлекеттің еңсесін тіктейтін – еңселі кабинеттер мен биік мінберлердегі ақ жағалылар емес. Керісінше, біліксіз басшылар мемлекеттің түбіне жетуге қабілетті.

Мемлекеттілікті нығайтып, экономиканың күретамырына қан жүгіртетіндер – «көк жағалылар», яғни техникалық мамандар. Кезінде АҚШ, Германия, Жапония, тіпті іргеміздегі Қытай, Азиядағы жолбарыстардың индустриялық ғажайыбын жасаған да осы инженерлер мен кәсіби мамандар.

Тіпті, алысқа бармай-ақ, көрші Өзбекстан мен Қырғызстанның өзі жоғары оқу орындарына емес, техникумдарға баса мән беріп, Қазақстаннан екі есе артық экономикалық өсім көрсетіп отыр.

Ал біздегі жағдай ше? Біздің шенеуніктер ТжКБ қамалын «білім реформасының» шетсіз-шексіз толқынымен ұрып, іргесін сөгіп, қабырғасын қақыратып, колледждерді жаппай жабумен әлек.

Статистиканың «ойбайы»: студентке колледж жетпеуде

Әдетте мемлекеттік статистиканы бояп, әсірелеп, әдемілеп көрсетуге шебер Ұлттық статистика бюросының өзі бұл жолы Excel-дегі кестесін құрғанда, ащы шындықты жасыра алмай, жылап жібере жаздауда.

Бюро бұл салада алапат дағдарыс жүріп жатқанын жасырмады. Оның соңғы бесжылдықтағы деректері қазақстандық ТжКБ жүйесінің тежегіші істен шығып, сырғанақтай төмен құлдилап бара жатқанын аңғартады. 

Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының саны

Дереккөз: Ұлттық статистика бюросы

ҰСБ-ның «үкімі» жаға ұстатады

«Соңғы бес жылдағы динамикада ТжКБ ұйымдары санының жыл сайынғы төмендеуі байқалады. 2025 жылы 2021 жылмен салыстырғанда ТжКБ ұйымдары саны 2,5%-ға құлдырады. Дәл осы кезде ТжКБ ұйымдарында білім алушылар саны керісінше, бірден 13,7% өсті», дейді ұлттық статорган.

Егер 2021 жылы елдегі колледждерде 494 042 студент оқыса, 2023 жылы бұл сан 547 994 шәкіртке жетті. Ал, 2025 жылдың қорытындысында қатары 562 084 студентке дейін көбейген. Яғни,колледждер бала бармайтын болғандықтан жабылып жатқан жоқ.

Масқарасы сол, студент саны артқан сайын, оқу орындарының саны керісінше азайып келеді. Мәселен, өткен онжылдықтың басында, яғни 2011 жылы Қазақстанда 804 колледж жұмыс істеп тұрыпты. Содан бері бұл сала нағыз «жұтқа» ұшырағандай барынан жұрдай болып, құлдырау үстінде.

Сұрақ туады: жастардың ықыласы ерекше салаға не нәубет келді? Жауап біреу-ақ – ол Қазақстандағы кез келген түйткілдің төркіні болып табылатын «қаржы мәселесі». Салаға қаражатын салған кәсіпкерлердің шағымдануынша, мемлекет жан басына шаққандағы қаржыландыруды азайтып тастады.

Сондықтан жекеменшік колледждердің қожайындары жоғарыға хат жазып, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру көлемін ұлғайту мәселесін көтеруде.

Ботқадан арзан білім: қаржыландыру қызықтары

Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасына жүгінген білім беру мекемелерінің иелері мемлекеттің «жан басына шаққандағы қаржыландыру» саясатын мазақ деп бағалайды. Бүгінде жан басына шаққандағы қаржыландыру және мемгрант аясында бір колледж студентіне жылына орташа есеппен 430 мың теңге ғана төленеді.

Бұл соманың «салмағын» түсіну үшін қарапайым салыстыру жасап көрелік:

– Балабақшадағы бүлдіршінге: 700 мың теңге;

– Мектеп оқушысына: 800 мың теңгеден астам;

– Жоғары оқу орнының студентіне: 1 миллион теңгеден жоғары.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасының Білім беруді дамыту жөніндегі кеңестің төрағасы Ерсайын Набиевтің айтуынша, бұл қаражат не оқулыққа, не жабдыққа, не мұғалімнің айлығына жетпейді.

«Бүгінде колледждердегі жан басына шаққандағы қаржыландырудың орташа мөлшері бір студентке жылына шамамен 430 мың теңгені ғана құрайды. Мына «қызықты» қараңыз: балабақшалар үшін мемлекет тарапынан жан басына шаққандағы қаржыландыру 700 мың теңгеге жетеді. Мектептерде – 800 мың теңгеден асады. Ал, жоғары оқуорындарында бір білім алушыға 1 миллион теңгеден артық қаражат бөлінеді», деді Ерсайын Набиев.

Осылайша, Үкіметтің ойынша, болашақ металлургті, инженерді немесе техник маманын даярлау – балабақшада балдырғандардың қол ұстасып ән шырқап, каша-ботқа жеуінен де «арзан» дүние болып шыққан ба? Техникалық мамандық – бұл тек парта мен қалам емес, бұл қымбат тұратын станоктар, шығын материалдары және үнемі жаңартуды қажет ететін зертханалар екенін шенеуніктер ұмытып кеткендей.

Қағаз жүзіндегі миллион: «ертеңгі» күннің ертегісі

Мәселенің кәсіпкерлер үшін күлкілі емес, тіпті жылатарлық тағы бір қыры – мемлекеттің берген уәдесі мен оның орындалу мерзімі. Оқу-ағарту министрлігі 2025 жылдың қыркүйегінен бастап қаржыландыруды 912 мың теңгеге дейін өсіруге уәде берген. Бірақ уәде – үйіп-төгілгенімен, нәтиже – нөл.

Кейін бұл мерзім 2026 жылдың қаңтарына сырғытылды. Қыстың қаңтары түгіл, көктемнің алғашқы айы бітуге таяды. Қызығы сол, бұл өсім тіпті Парламент қабылдап, Президент қол қойған «2026 жылға арналған республикалық бюджет туралы» заңда да қарастырылған. Бірақ заңның күші қағаз бетінде қалып, нақты ақша колледждердің есепшотына жете алмай-ақ қойды.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасының адам капиталын дамыту бөлімінің басшысы Әсет Әділхан бұл жерде «екіжүзді стандарттар» дерті меңдеп алғанын жасырмады.

«Білім сапасы мен материалдық базаға қойылатын талаптарға келгенде мемлекеттік және жекеменшік колледждерге қойылатын талап бірдей. Бірақ ақша бөлуге келгенде жекеменшік сектор «өгей баланың» күйін кешеді», — дейді ол.

Сүлейменованың «қайшысы» vs шөлдегі шыңғыру

Бизнестің бұл жанайқайы шөл даладағы жалғыз жолаушының дауысындай елеусіз қалуы бек мүмкін. Өйткені Жұлдыз Сүлейменова ханым Президент тапсырмасын желеу етіп, бюджеттік «секвестрге» (яғни, кесуге) кірісіп кетті. Министр осы шешімі туралы жуырда білім беруге жауапты барлық шенеуніктерді көк экран алдына арнайы жиып, жария етті.

«Оқу-ағарту министрлігі бюджет шығындарын қатаң үнемдеуге кірісті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмаларын, оның ішінде білім саласындағы бюджетті үнемдеу туралы міндетін орындау мақсатында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова өңірлік білім басқармалары мен аумақтық сапаны қамтамасыз ету департаменттері басшыларымен онлайн кездесті», деп хабарлады министрлік.

Министрдің түсіндіруінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасыаясында, республикалық және өңірлік шаралар тізіміне қатаң ревизия жүргізіліп, тек білім берудің мазмұнын байытатын жобалар ғана мемлекеттік қолдауға ие болады. Ал сол мазмұнды беретін колледждердің көтерем болып, аштан өліп бара жатқаны дағдарыс құрбанына жатқызыла салмас па?

Бұған қоса кездесуде Сүлейменова ханым бұдан былай «өңірлердегі кризистік менеджменттің сапасын» арттыруға назар аударатынын мәлімдеді. Кризистік менеджмент салада дағдарыс болса ғана қажет болатыны мәлім.

Колледждердің қиын жағдайын Ұлттық статбюроның ресми статистикасы да растайды. Техникалық және кәсіптік орта білім беру саласындағы көрсетілген қызметтерден барлық 706 колледждің тапқан табысы 2025 жылғы II тоқсандағы 137 млрд 29 млн теңгеден 2025 жылғы III тоқсанда 95 млрд 862 млн теңгеге дейін күрт құлдыраған. Салыстырғанда, 2024 жылдың соңында, IV тоқсандағы ТжКБ ұйымдарының табысы 133 млрд 747 млн теңгені құрап еді.

Демек, «қош бол, колледж» деуге әлі ертерек болғанымен, саланың «жансақтау бөліміне» түскені байқалады. Сауығып шықса, дәстүрлі қамытын киіп, ел экономикасын қайтадан сүйрей жөнелер еді.

Мемлекет экономиканы көтеретін «көк жағалыларды» қаржы үнемдеу нысанына айналдырса, ел басындағы референдумшыл азаматтар ертеңгі күні индустрияландыру туралы әдемі баяндамаларын кімге оқып беретіні белгісіз.

Ақтауда асаба мен әйелінің интим видеосын таратқан күдікті ұсталды Тоқаев Мұхтар Шахановтың қазасына байланысты көңіл айтты Маңғыстауда нөсердің салдарынан жаппай жылқылар қырылды (ВИДЕО) Цирктегі жолбарыс көрермендерге қарай секіріп кетті (ВИДЕО) «Сенің даналығың жетіспейді»: Әнші Леонид Агутин досы Батырхан Шүкеновтің бейітіне барды 200 шақырымға жүгіру: қарағандылық сержант ультрамарафонда Қарулы күштердің жаңа рекордын орнатты Семейде мысығын кір жуғыш машинаға салып өлтірген қыз жазаланды Құрманғазыда киіктер қырылып, 800-ден астам өлексe табылды Өскеменде түнгі апаттан соң үш адам ауруханаға түсті Күміс жас күйбеңі: Белсенді өмір орталықтары шағым-жанжал ошағына айналған ба? 20 сәуірдегі валюта бағамы: қай қалада доллар қымбат 14 өңірге қауіп: Бүгін тұман, дауыл және үсік қатар келеді Қазақ поэзиясының өткір үні Мұхтар Шаханов қайтыс болды «Тұрсынды қимай жүр»: Алагөзовтің бұрынғы әйелі қымбат сөмкелерін көрсетті Театр актері мен оның жұбайы бір-бірін пышақтап өлтірді Өтекешева Алагөзовадағы қамзолдың түпнұсқа екенін растады Трамп: «Израиль — АҚШ-тың ең мықты досы» «Пышақпен қорқытады»: Маңғыстаудағы балабақшада жанжал өршіді Қасиетті дініміз Еуропаның төріне шықты: Германияда тұрақты азан айтыла бастады Орынборда полицейлерге оқ атқан күдікті ұсталды